Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жаңа мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасын жариялады. Оның ерекшеліктері бастапқы жарнаның болмауы және төмен пайыздық мөлшерлеме болмақ.

«Нұр Отан» партиясы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында президент мемлекет әлеуметтік жалға берілетін тұрғын үйлер салып, оны халыққа сатып алу құқығымен ұзақ мерзімді жалға беретінін мәлімдеді.

 

«Біз жас отбасыларға және оған шынымен мұқтаж жандарға арналған жаңа бағдарлама жасап жатырмыз. Жаңа бағдарлама бойынша тұрғын үймен қамтамасыз ету делдалсыз, ең төменгі пайыздық мөлшерлемемен тікелей жүзеге асырылады», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Тұрғын үй алудың қолданыстағы нұсқалары туралы айта келе, президент олардың «бай адамдар үшін қалып отырғанын» атап өтті. «Бар нәрсе үлкен қаражатты, бастапқы жарнаны қажет етеді. Ал содан кейін банктер 20%-ға дейін жоғары пайызбен несие береді. Халық оларды төлей алмайды, бізде үнемі проблемалар бар», – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, жаңа бағдарлама баспана сатып алу құнын төмендетеді, бұл бастапқы жарнаның жоқтығы мен төмен пайыздық мөлшерлемемен бірге оны қазақстандықтардың кең ауқымы үшін қолжетімді етеді.

Елбасы 2015-2016 жылдарға арналған бұл бағдарлама бойынша тұрғын үй құрылысына 180 млрд теңге бөлінетінін атап өтті.

Дереккөз: krisha.kz