Риэлторлар пәтер иелеріне көлеңкеден шығуға көмектеседі
Астана қаласының салық департаменті мен Қазақстан риэлторларының біріккен қауымдастығының жергілікті филиалы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Оған сәйкес, риэлторлар жылжымайтын мүлікті жалға беретін қала тұрғындарына түсіндіру жұмыстарын жүргізуді қолға алған.
«Меморандум аясында риэлторлар жалға берушілерге салық органдарында жеке кәсіпкер ретінде тіркелудің артықшылықтарын түсіндіреді, электронды кілттерді (ЭСҚ) алуға, салық есептілігі нысандарын толтыруға және жіберуге көмектеседі», – делінген ведомство хабарламасында. Мүлік иелеріне көмектесетін риэлторлардың тізімін мына жерден қараңыз.
Басқармадағылар қазір жеке кәсіпкер ретінде тіркелу рәсімі бір күнді алатынын қадап отыр. Бұл қызмет электронды үкімет сайтында да қолжетімді.
Айта кету керек, 2014 жылы жеке кәсіпкерлер үшін бірқатар жеңілдіктер енгізілген болатын. «Егер бұрын оңайлатылған декларацияға сәйкес есеп беру тоқсан сайын ұсынылуы керек болса, биылдан бастап жарты жылда бір рет. Салық кезеңіндегі шекті табыс 10 млн теңгеден 27,9 млн теңгеге дейін ұлғайтылды, ал табысқа салынатын салық ставкасы 3%-ды құрайды», – деп нақтылады ведомствоның баспасөз қызметі.
Сонымен қатар, патент негізінде жұмыс істейтін кәсіпкерлер үшін шекті табыс ең төменгі жалақының 200-ден 300 еселенген мөлшеріне дейін ұлғайтылды (ең төменгі жалақы – автордың ескертуі). «Бұл ретте салық ставкасы табыстың 2 пайызын құрайды», – деп атап көрсетеді салық органдары.
Дереккөз: krisha.kz